Қай уақытта логопед маманына барған дұрыс?

Қазіргі уақытта баланың дұрыс дамуына логопедиялық түзету жұмысының маңызы зор.Баланың тіл дамуы төңірегіндегі адамдармен қарым-қатынас жасаудан шығады, әсіресе ата-анасымен тілдік қарым-қатынас тығыз болу керек. Сол себепті баланың таным қабілеті мен сөйлеу тілінің дамуына қоғамның маңызы зор.

Туғаннан бастап бала естіген дыбыстарды ажырата бастайды, ең бірінші өз анасының дауысын таниды. Айғаймен, жылаумен өз жағдайын (қарны ашқанын, ауырғанын, т.б.) түсіндіреді.

3 айында гуілдеп сөйлей бастайды. 3 айдан 6 айға дейін кейбір дыбыстарды қайталайды, күледі, шыңғырады, ауызымен қимылдар жасайды. 6-дан -9 айға дейін «ммм», «ссс», ма, ба, ла дыбыстарымен буындарын айтады. 9-12 айға дейін екі буынды қосып бастайды: ма-ма, па-па, да-да. 6 айында өз атын біледі, 8-10 айында – айтқанды түсіне бастайды, 9-12 айында таныс заттарды таниды.

Бір жасында бала барлығын қолымен көрсетіп түсіндіреді, біртіндеп тілі дамыған сайын қолымен көрсетуді қояды.

Бала сөйлегеннен гөрі, түсінгені көп. Екі жасынан бастап бала айына 20 шақты жаңа сөзді түсінсе, оның тоғызын ғана айтады.

Бала алғашында бір немесе бірдей екі буыннан тұратын сөздерді айта бастайды (ав-ав, пи-пи, да-да). Бұл «Бөбек тілі» деп аталады, өйткені бала «өз тілінде» сөйлейді.

Көп буынды «ауыр» сөздерде бала дыбыстардың немесе буындардың орындарын ауыстырады, буындарды тастап кетеді, сөзді қысқартады. Мұндайды дыбыстың бұрмалануы 5-6 жасқа дейін сақталуы мүмкін. 1,5-2 жасқа дейін баланың белсенді сөздік қоры 25 дейін, ал кейбір балаларда 90 сөзге дейін көбейеді. Бала айта алатын сөздердің саны – баланың тіл дамуының жеке көрсеткіші, ол бірнеше жағдайға байланысты – оның себептері әртүрлі болады: баланың денсаулығына, ата-анасының «тілдік» белсенділігінен, баланың өз жеке қабілетіне байланысты болады.

2 жасында бала 2-3 сөзден тұратын сөйлемдер айтады. Бұл кезде «Телеграфты сөйлеу» пайда болады, өйткені бала телеграммадағы сияқты, қажетті сөздерді пайдаланады, жалғауларды, үстеулерді, т.б. қолданбайды.

3 жасында баланың сөздік қоры 1000 сөзге жетеді. Бала өскен сайын ересек адамның айтқанын қайталай бастайды, еліктейді, сондықтан баланың көзінше байқап сөйлеп, өз сөзіне, айтқанына мұқият болу керек.

3 жасында кейбір балалар көп дыбыстарды дұрыс, анық айтады. Бірақ дыбыстардың алмасуы, қателері де кездеседі. Бұл жасқа сәйкес, түзелетін қателерге жататыны:

– ызың дауыссыздардың (ш, ж, ч, щ) айтпауы;

– р-дыбысының болмауы немесе басқа л, в, й дыбыстарға алмасуы;

– л-дыбысының кемістігі;

– к, г дыбыстарын т, д дыбыстарына ауыстыруы;

– ұяң дауыссыздарды қатаңға ауыстырып айтулары.

3 жастағы баланың дауыс аппараты қажетті болып қатаймай, кейбір балалар ақырын немесе керісінше өте қатты сөйлейді.

Жоғарыда айтылған тіл кемістіктері физиологиялық кемістіктерге жатады және бұлқалып, жасына сәйкес деп саналады. Бірақ кейбір балаларда тіл дамуының қалыптасуы дұрыс болмай, тежеушілік болады. Мұндайда баланы логопед маманына көрсетіп, кеңес алған дұрыс.

 

 

 

Үй жағдайында логопедиялық сабақты қалай ұйымдастыруға болады?

 

Үй жағдайында логопедиялық тапсырмаларды орындау барысында төмендегі шарттарды сақтау қажет:

  1. Егер де баланың дені сау, тамақтандырылған, ұстамды болған жағдайда ғана үй тапсырмасын орындауы қажет.
  2. Үй тапсырмалары жүйелі түрде, күнделікті, логопедтің ұсынғаны бойынша орындалып отыруы қажет.
  3. Міндетті түрде баланың тапсырмаларды орындау үшін кішкене айнамен жабдықталған (баланың тапсырмаларды орындау барысында өзін өзі бақылау үшін) орны болуы қажет, сондай–ақ артикуляциялық жаттығуларды орындау үшiн қағаз майлықтары, түрлі түсті қарындаштар болуы тиіс т.б.
  4. Егер де бала тапсырмаларды орындау барысында шаршап қалса, оған демалуға мүмкіндік беру керек. Егер бала орындамағысы келсе, онда кейін бірақ міндетті орындалуы тиіс.
  5. Егер де бала тапсырмаларды орындай алмай отырса, оны еш уақытта балағаттауға болмайды, алдында алған білімдерін жоғалтпау үшін өз күштері мен мүмкіндіктеріне сендіру үшін мақұлдаңыз, келесі тапсырманы орындатыңыз.
  6. Балаңызды жиiрек мақтаңыз, өз күштерiндегi сенiмдiлiгiн қалыптастырыңыз, жетiстiк ахуалын құрыңыз.

 

Сөйлеу тілі бұзылған баланың белсенді қозғалуына жетіспеушіліктер, соның ішінде саусақтың ұсақ моторикаларында ауытқушылықтар байқалады.

Мектепке дейінгі кезеңде қолдың ұсақ моторикасы мен қимыл-қозғалыстарын дамыту жұмыстары маңызды болып табылады.Баланың сөйлеу тілін жетілдіруде саусақтарды жаттықтыра отырып бас миының жұмыс істеу қабілетіне күшті ықпал етеміз.

Саусақ жаттығулары қарапайымнан күрделіге қарай ойысады. Егер оларды жинақтасақ: қолға арналған гимнастика, саусақ гимнастикасы, саусақ ойындары мен жаттығулары,  массаждар. Саусақ гимнастикасын күн сайын  3-5 минуттан өткізуге болады.

  1. Саусақтарға гимнастика. Саусақтарға арналған ойындар – бұл саусақтардың көмегі арқылы қандай да бір ұйқастырылған тарихты, тақпақтарды, ертегілерді сахналау. Жаттығулар әртүрлі деңгейде жүргізілуі мүмкін: еліктеуі, сөздік нұсқауы бойынша.
  2. Әртүрлі заттарды пайдалану арқылы қолдың білезіктері мен саусақтарына арналған жаттығулар ұсынылады:

-         Пирамида, мозаика, матрешка құрастыру.

-         Қағазға түйме, жіп, замок әртүрлі ұзындықта жапсыру жұмысы.

-         Тиындарды іріктеу.

-         Жарманы жинау.

-         Сірінкемен жұмыс.

-         Қағазбен жұмыс.

-         Бау байлау.

-         Жуан жіппен түйіншек жасау.

-         Құммен, сумен ойнау.

-         Саусағына жұқа сымды орау (жүзік немесе орам жасалады)

-         Бұрандалы шегені, гайканы бұрау.

-         Конструктор, кубиктер ойнау.

-         Ауада сурет салу.

-         Қолөнері.

Саусақтармен ойнау ата-аналарға балаларын қуантуға, сонымен қатар, сөйлеуі мен ұсақ моторикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осындай ойынның нәтижесінде бала әртүрлі сенсорлық әсерлер алады. Мұндай ойындар балалармен, ересектермен мейірімді өзара қарым-қатынасты қалыптастырады.