Тәрбиеші: Кенжеева Г.Е.

 

Дидактикалық  ойындардың  тәрбиелік  мәні.

 

         Тәрбие – баланың  дүниеге  келген  сәтінен  басталады. Мектеп  жасына  дейінгі  баланы  дамытатын,  өсіретін  әрі  тәрбиелейтін  негізгі  іс - әрекет – ойын. Ойын  арқылы  бала  өзін  қоршаған  ортамен,  табиғатпен,  қоғамдық  құбылыстармен,  адамдардың  еңбегімен,  қарым- қатынастарымен  танысады. Халқымыз  ойындарды  тек  балаларды  алдандыру,  көңілін  көтеру  әдісі  деп  қарамай,  жас  ерекшеліктеріне  сай  олардың  көзқарастарын,  мінез – құлқын  қалыптастыру  құралы  деп  ерекше  бағалаған.  Ойын  негізінен  балаларға  дене  шынықтыру  және  эстетикалық  тәрбие  берудің  маңызды  құралы. Ойын  балаларды  ұйымшылдыққа  үйретеді. Ойынның  түрлері  көп, соның  ішінде  маңыздысы – дидактикалық  ойын.  Бұл  ойынның  пайдасы -  баланың  ой - өрісінің  қалыптасуын,  дамуын  мақсат  етіп  қояды. Сондай – ақ  балалардың  адамгершілік  сезімін  оятуға,  адамдармен  дұрыс  қарым – қатынас  жасау,  еңбек  адамдарына,  басқа  ұлт  өкілдеріне,  достық,  туған  жеріне  сүйіспеншілік  сезіміне  тәрбиелеуге  көңіл  бөлінеді.  Дидактикалық  ойындар – балалар  үшін  өзіне  тән  жүру  барысы,  мақсаты,  маңызы  бар  әрекет.  Ойындарды  бала  тәрбиесіне  енгізу  үшін  тәрбиешілер  көптеген  жұмыстарды  атқарады.

        Дидактикалық  ойындарды  тиімді  пайдалану  сабақтың  әсерлігін,  тартымдылығын,  белсенділігін,  баланың  ынтасын  күшецтеді.  Ойын  ережесі  балалардың  түсінуіне  оңай,  қарапайым,  әрі  қысқа  болуы  керек.  Кейде  ойынның  мазмұны,  ережесі  балаларға  дұрыс  түсіндірілмейді  де,  балалар  оған  қызықпайды,  зейін  қойып  тыңдамайды. Оның  үстіне  дидактикалық  материалдар  мен  көрнекіліктерге  жеке  көңіл  бөлу  керек.  Балалардың  таным  қабілетін,  логикалық   ой - өрісін  кеңейтіп,  сабаққа  ынтасын  арттыруда  дидактикалық  ойындарды   ұтымды  пайдаланудың  маңызы  зор.  Балаларға  алдарына  қойылған  дидактикалық  тапсырмаларды  өз  беттерінше  орындау  үшін  тәрбиеші  көркем  әдебиет  оқып  беру,  алдын – ала  жұмыс  жүргізу  керек.

   Ойынның негізгі мақсаты: мектепке дейінгі балалардың ойын арқылы танымдық белсенділігін арттыру. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында балабақшада ойын негізгі іс-әрекеттің түрі болып табылады. Ойын әдіс-тәсілдері арқылы белсенділігін арттырып іс-әрекетке қызығушылыққа тәрбиелеуге болады. Бұл жастағы баланың іс-әрекетінде ойын шешуші орын алатындықтан оқыту үрдісінде ойын әдісін кеңінен қолдану қажет.


Ойынның негізгі құрылымдық элементтері мыналар:

  1. Ойынның түпкі ниеті.
  2. Сюжеті немесе мазмұны.
  3. Рольдер.
  4. Ойынның өзіне туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі.

 

Ойын түрлері:

  1. Сюжетті рольді ойын.
  2. Қимылды ойындар.
  3. Дидактикалық ойындар.
  4. Үстел-үсті ойындары.
  5. Спорттық ойындар.
  6. Драматизациялық.
  7. Ұлттық ойындар.

Соның ішінде дидактикалық ойындарға тоқталсақ. Бұл ойындар баланың ақыл-ойын дамытуға, ойлауын қабылдауын есте сақтауын, зейінін салыстыруын жіктеуін, өзін-өзі бақылауға үйренеді.

Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:

  1. Заттық дидактикалық ойындар, ойыншықтармен түрлі ойын материалдармен ұйымдастырылады.
  2. Үстел – үстінде ойналатын дидактикалық ойындар.
  3. Сөздік дидактикалық ойындар. Сабақта ойналатын ойындарды сабақтың тақырыбына, мақсатына сай таңдап алып отырамын.

Соның ішінде мынандай ойындарға тоқталмақпын: 

  1. «Логикалық тізбек ойыны»- геометриялық пішіндерді тізбектеу.
  2. «Қоянға көмектесейік» - шарты: қандай пішіндер сәйкес екенін тауып көрсету.
  3. «Түсіне қарай тап» - шарты: шардың жібін түсіне қарай орналастыру.
  4. «Сиқырлы қалпақтың сырын ашайық» - шарты: жұмбақтап айтылған бір заттың не екенін табу.

Күнделікті қолданып отыратын үстел-үсті ойындары да, баланың ойлау қабілеттерін дамытады.

Үстел-үсті ойындарға: «Лото», «Домино», «Математикалық пішіндер», «Ертегі құрастырайық», «Қуыр-қуыр, қуырмаш». Бұл ойындар арқылы балалардың жеке дара жұмыс істеу қабілеттерін көруге болады. Топта балалармен біріге қызықтап ойнайтын ойынның бірі: «Мысықты оят». Бұл ойында балалар түрлі аңның бет пердесін киіп шеңберге тұрады. Ортаға мысықтың бет пердесін киген бала шығады. Дыбыстап оятқан баланы, ортада отырған бала жаңылыспай табуы керек. Ойын арқылы зейінін, қызығушылығын арттыра аламыз. Ең бастысы қызығушылықтары артып, белсенділіктері жоғары болады. «Дыбысты санау», «Көз жұмбақ», «Не өзгерді?», «Қақпа» т.б. ойындарды ақыл-ой қабілетін, ой-өрісін дамытады. Математикадан бір (1) санды сызып таста, «Геометриялық пішінді ата», «Сипап тап» ойындары, сауат ашу «Кім жылдам», «Әріптерден сөз құрастыр», «Мына заттар қандай әріптерге ұқсайды». Бұл ойындар балалардың танымын арттырып, жақсы көңіл-күй тудырып, ой-өрісін дамытып, ойлау қабілетін жетілдіреді.

         Дидактикалық   ойын  балалардың  қоршаған  орта  туралы  түсінігін  кеңейтеді,  баланы  ойнай  білуге  баулып,  ақыл – ой  қызметін  қалыптастырады,  әрі  адамгершілікке  тәрбиелеу  құралы  болып  табылады. Дидактикалық  ойынның  ережелері  балалардан  ұстамдылықты,  тәртіптілікті  қажет  етеді. Сонымен  қатар  дидактикалық  ойлау  қабілеттерін,  ізденімпаздығын  арттырады,  сөздік  қорларын  молайтуға  көмектеседі.  Балалардың  сабаққа   қызығушылықтарын  арттырады,  белсенділік  танытып,  бағдарламалық  материалдарды  меңгеруіне  ықпал  етеді.

           Дидактикалық  ойындардың  тиімділігі -  сабақтың  әр  кезіндегі  орны  мен  міндетін,  мақсатын  дәл  анықтауға,  оны  қолданудың  теориясы  мен  практикасын  тәрбиешінің  жетік  меңгеруіне,  шеберлік  танытуына,  ойынға  қажетті  материалдарды  алдын – ала  дайындап  алуға,  балаларды  белсенді  қатыстыруға  байланысты. Ойындарды  өткен  сабақты  қайталау,  естеріне  түсіру  кезінде  қолданған  пайдалы.

            Ойын  түрлерін  сабақ  мазмұнына  қарай  белгілі  бір  мақсатта  таңдап  алу  керек.  Мазмұнды  ойындарды  қайталй  бермеу  керек,  ол  үшін  өтілетін  сабақтың  тақырыбына  сәйкес  келетін  ойын  түрлерін  күні  бұрын  реттеп  оны  жүргізудің  тиімді тәсілдерін ойластыру  керек.  Барлық  сабақтарда  дидактикалық  ойындар  қолданылады,  оны  сабақтың  ортасында  қолданған  ыңғайлы. Мысалы сауат ашу  сабағында  дидактикалық  ойындар  балаларды  тәрбиешінің  айтқанын  дұрыс  ұғып,  оны  тыңдай  білуге,  дыбыстарды  ажыратып,  ойды  сақтап,  сөз  құрастыруға,  олардың  ой - өрісін  дамытуға  үйретеді.

            Қазір  «Балбөбек»  бағдарламасына  байланысты  кешенді  сабақтар  бірнеше  сабақты  қосып  байланыстырып  өткізу  әдіс- тәсілдерін  қолдануғңа  болады.  Айталық,  сауат  ашу  сабағында  сөзде  неше  дыбыс  бар,  неше  әріп,  неше  дауысты  дыбыс  бар  екенін  балалар  санайды,  текшемен  белгілейді,  немесе  суретін  салады.

              Дидактикалық  ойын  сәбилер  тобынан  басталады.  Мұнда  жоғары  топтарға  қарағанда  жеңіл  түрлері  беріледі,  балалар  ойланады.  Мысалы,  бала  ойнап  отырған  машинаның  дөңгелегі  нешеу,  түсі  қандай,  кубиктерді   түсіне  қарай  топтастыр,  қане  «сен  көк  кубиктерді әкелші»,  «үстелге  апарып  қойшы»  т.б.  бұл  жерде  балалар  кеңістікті  бағдарлауды  үйренеді.

            Баланың  тілін  дамытуда  ауызекі  сөйлеу,  тілдің  дыбысталу  мәдениетіне  тәрбиелеуде,  байланыстырып  сөйлеу,  сөздік  қорын  дамыту  үшін  сабақта  және  сабақтан  тыс  уақытта  ойналатын  дидактикалық  ойындардың  маңызы  зор.  Ойын  шарттары  мен  көрнекіліктерін  пайдалану  арқылы  баланың  жеке  басын,  ойын  әрекетін  дамытуға  болады.  Дидактикалық  ойындар  баланың  ақыл – ойын  дамытуға,.  Ойлауын,  қабылдауын,  есте  сақтауын,  зейінін,  салыстыру,  жіктеуге,  өзін - өзі  бақылауға  үйретеді. Дидактикалық  ойындарды  іріктеуде  баланың  ойынды  саналы  түсініп,  оның  шартын  дұрыс  орындауға  тырысып,  белгілі  бір  нәтижеге  жету  мақсаты  көзделеді.  Ойын  мақсатына  сай  ойын  ш артын  орындап,  ондағы  сұрақтар  мен  тапсырмаларға  жауап  беруге  дағдыланады.  Ойын  шартын,  ережесін  қатаң  сақтау  арқылы  онда  жолдастарын    тыңдай  білу,  олардың  қатесін  түзетуге  көмектесуге,  ойын  шартын  түсіндіріп  ойынды  жалғастыруға,  жаңа  ойын  ережесін  ойлап  табуға,  оны    басқаларға  түсіндіре  білуге,   ойында  ұйымдастыруға   жаттықтырылады.

               Дидактикалық  ойындарды  тіл  дамыту  сабақтарында  пайдаланудың  тиімділігін  тәжірибе  көрсетіп  отыр.  Сабақты  бекіту,  сабақта  меңгерген  материал  туралы  түсінігін  кеңейту,  баланың  шығармашылығын  дамыту,  тіл  байлығын  молайту  үшін  ол  ойындар  сабақтың  тақырыбына,  мақсатына  сай   таңдалып  отырады.  Ұсынылып  отырған  дидактикалық  ойындардағы  тапсырмалар:  сөйлеудің  екі  түрі -  монологтық  және  дидактикалық  сөйлеуге  арналған.

     Мысалы: «Телефон»  ойынында  диалогтық  сөйлеудегі  әңгіменің  мақсаты – бір  нәрсе  жайында  сұралып,  баланы  оған  жауап  беруге,  белгілі  бір  әрекетке  түрткі  болуға  үйрету  болып  табылады.

          Антоним  сөздермен   таныстырғанда  жануарларды  сабаққа  әкеліп,  оларды  жеке  орындарға  орналастыру  тапсырмасы  беріледі.  Бала  жануарлардың  денесіне  қарап, «үлкен»,  «кіші»  деп  бөліп,  оларды  соған  сәйкес  үлкен  торға  немесе  кіші  торға  орналастырады.  Антоним  сөздерді  салыстыру  жолымен  жұмыс  жүргізу  баланың  ой - өрісін  кеңейту  үшін  өте  пайдалы.  Сондықтан  антоним  сөздерді осы  сияқты  дидактикалық  ойындарды  ұйымдастыру  арқылы  меңгертуге  болады.

          Жалпы  және  жеке  ұғым  туралы  түсініктерін  тереңдету  үшін  «Жалпы  қалай  аталады?», «Жалпы  атауын  бер»,  «Жеке – жеке  атын  ата»  сияқты  дидактикалық  ойындар  ұйымдастырылады.  Мысалы: кесе,  қасық,  тарелка,  шанышқы – «ыдыс- аяқтар»,  алма,  алмұрт,  шие- жемістер,  қияр,  картоп,  сәбіз,  қызылша- көкөністер  т.б.

         Баланың  шығармашылығын  дамытуға  имитациялық  ойындар  «Біздің  көңіл  күйіміз»,  «Қоянның  көңіл – күйі»  т.б  ым,  мимиканы  әртүрлі  эмоцияны  білдіретін  сөздерді  және  оларды  салып,  көрсетуге  үйрету,  Ыммен,  мимикамен  көңіл – күйді  слаып,  оны  сәйкес  сөздермен  айту.  Мысалы: Қоян  қорқып тұр.  Қоян  адасып  кетті.  Оны  орманда  тиіндер  тауып  алды. Барлығы  қуанды. Оны  дауыс  ырғағымен,  қуану,  ренжу,  жылау  т.б  салуға,  сол  арқылы  адамның  көңіл – күйін  түсінуге  аяушыфлық  сезімге,  қамқоршы  болуға  тәрбиеленеді.

           Ұсынылып  отырған  дидактикалық  ойындардың  мақсатына  сәйкес  шарты  нақты  көрсетіледі. Бұл  ойындарды  сабақта  және  сабақтан  тыс  уақытта  пайдалану  арқылы  баланың  тілін  дамытумен  қатар  ойында  өз  шығармашылығымен  жалғастыруға,  ойын  шартын  дұрыс  орындауға,  белгілі  бір  нәтижеге  жетуге,  ұжымдық  мақсатқа  бағынуға,  үлкендер  мен  балалар  арсында  ынтымақтастық  қарым – қатынас  орнатуға  болады.

          Сабақтың  қызықты,  тартымды  өтуі  үшін    дидактикалық  ойындарды  дұрыс  ұйымдастыру  керек.  Ойынға  керекті  құралдар  әр  балаға  жеткілікті  болу  керек,  сонда  ғана  балаларға  түсінікті  болады.  Дидактикалық  ойындардың  құралдары  ұзақ  уақыт  сақталуы  үшін  эстетикалық,  гигиеналық  талаптарға  сай,  әдемі  қораптарда,  қалталарда  тұру  керек.